КЕЗДЕСУ. «ЕЛІМЕ ЕҢБЕК ЕТУДЕН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ» 

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Жамбыл облыстық филалының Төрағасы, Ұлттық табиғи ғылымдар академиясының Жамбыл облыстық филалының Төрағасы, Халықаралық инженерлік академиясының Академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Академигі, Ұлттық Табиғи Ғылымдар Академиясының және Ұлттық машина жасау және көлік ғылым академиясының  Академигі, Ғалым, техникалық ғылым Докторы, Профессор, Тараз Мемлекеттік университетінің Проректоры, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің Құрылтайшысы Жунисбеков Сағат Султановичпен кездесу өтті.

«Еліме еңбек етуден артық бақытжоқ» деп, ұлт мүддесіне қызмет етуді, халық үшін жұмыс істеуді, елімен бірге марқайып жүруді  өмірлік ұстанымына айналдырған жылы жүздесуде Сағат Султанович студенттерге өмірлік ұстаным, мақсат, намыс аясында ақыл-кеңесін беріп, естелік суретке түсті. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел-тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Құлагер ақын ілияс Жансүгіров жырлағандай, біз өз елімізден шыққан ғалым, батыр, ақындарымызды әрқашан құрмет тұтамыз. Осы кездесу әсері әр баланың санасына нұр құйғаны хақ. Жолдарың ақ, ойларың пәк болсын, студент жастар.

 

 «ЖАСТЫҒЫН ЖАЛЫН ШАРПЫҒАНДАР!»

   «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Садықбекова Әйгерім Манатбекқызының ұйымдастыруымен 5 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай «Жастығын жалын шарпығандар!» атты кездесу өтті. Кездесу кешіне от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған ержүрек азамат  Жамбыл облысы бойынша «Қазақстан ардагерлері» ҚБ төрағасының саяси бөлімінің орынбасары, Ауған соғысының ардагері Қуантаев Сейтқан Мұратұлы және Тараз қалалық «Ауған соғыс ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» ордені иегері Ермеков Дүкенбай Сайлаубекұлы, әскери ардагер Саймасаев Орынбасар Айтжанұлы                                              қатысты.

1979 жылы кеңес əскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған соғыс жүргізді. Күрестің басты мақсаты - Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. Осылайша, Кеңес Одағының əскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықты. 1979 жылы полк Термез өзеніне қалқымалы көпір салуды бастады. Ал түс ауа, яғниМəскеу уақыты бойынша 15-те, КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен 108-ші мото-атқыштар дивизиясы жəне 103-ші əуе-десант дивизиясы Ауған жеріне өтуді бастады. Артынша ауыр техника, ұшақтармен қаруланған 80 мыңдық ауыр қол Ауған жеріне лап қойды... Осылайша, 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, яғни 2238 күнге жалғасқан Ауған жеріндегі қанды қасап басталып кеткен-ді. Ауған соғысы туралы мəлiметтер соңғы жылдары қайта зерттелiп, жылдан-жылға оның əкелген зардабы мен тауқыметiнiң басқа қырлары ашылуда. Оның ақтаңдақ беттерiн ашу үшiн мəселенi жете зерделеп, анықтау бүгiнгi күннiң еншiсiнде. Бұл – əскери жарақат алып, мүгедек болған ардагерлердiң, жесiр қалған əйелдердiң, жетiм қалған балалардың, азаматынан айрылған ата-аналардың, əскери тапсырманы орындау кезiнде көз жұмған боздақтарымыздың алдындағы қасиеттi парызымыз. Биылғы жылы 15 ақпанда Кеңес əскерлерiнiң Ауғанстан жерiнен əкетiлгенiне 25 жыл толды. Бұл əскери борышын Ауғанстанда атқарған азаматтар үшiн мереке емес, əдiлетсiз Ауған соғысында құрбан болған қаруластарын еске алу күнi. Сондықтан, қала мен аудан орталықтарында Ауғанстанда өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан қандастарымызға қойылған ескерткiштерге гүл шоғын қойып, олардың рухына тағзым етемiз. Осындай батырлық пен қаһармандықтың үлгiсiн көрсетiп, жат жерде өшпес ерлiк жасап, соғыс даласынан қайтпай қалған жауынгерлер рухына тағзым ете отырып, қайтпас қайсар ұл тəрбиелеген ақ жаулықты аналардың алдында басымызды иемiз. Күні кеше соғыс даласындағы қантөгісті 17-18 жасында, яғни бозбала шағында көрген жастар бүгін ардагер атанып ортамызда жүр. Елге олардың бірі денсаулығынан айрылып оралса, ал бірінің денесі табытпен қайтты. Олардың рухына тағзым ету, ал басы аман, бауыры бүтін көзі тірілеріне құрмет көрсету ұрпақ парызы.

Студенттер ардагер ағаларына сұрақтарын қойып, емен-жарқын əңгіме өрбіді. Барлығы жиналып естелік суретке түсті.